Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының Жетісай аудандық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Әлиев Көбейбек Әмірбекұлы сайлауалды бағдарламасындағы жоспарлы жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Мақталы ауылдық округінде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан қашыртқылардың барысымен танысты.
Бүгінгі таңда Мақталы ауылдық округі аумағында орналасқан КВ-9, КВ-7, КВ-7-1, КВ-5, КВ-3, КВ-6, КВ-6-4, КВ-6-2, КВ-8, КВ-6-6, КВ-9-4, КВ-9-1, АВ-11, АВ-11-2, АВ-11-2-1, АВ-11-2-3, КВ-9-2, АВ-7-2, АВ-2-4, АВ-11-4, АВ-7-2-1 қашыртқылары толықтай механикалық тазалаудан өтіп, 130-ға тарта қашыртқыда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Халық қалаулысы жергілікті шаруалармен, мердігер мекеме қызметкерлерімен жүздесіп, жұмыстардың барысын талқылады. Пікірлерін тыңдады.
«Барлық қашыртқылардың жұмыстарының жоспардан кешіктірілмей белгіленген уақытта сапалы аяқталуын бақылауға алатын боламын. Өйткені, аудан аумағындағы әрбір канал, әрбір қашыртқы шаруалардың мол өнім алуында үлкен рөл атқарады» дейді Көбейбек Әмірбекұлы.
Сала мамандарының мәліметінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тапсырысымен Жетісай ауданда биылғы жыл 150 ден астам қашыртқы тазалануы тиіс.
Сонымен қатар, мәслихат депутаты «Тың» елді мекеніндегі жүзімдік алқабында да болды. Аудан экономикасында, соның ішінде агросекторда өзіндік үлес салмағы бар жүзім шаруашылығында шаруалармен жүздесіп, қажырлы еңбек, жүзімді баптау ісі, зиянкестермен күресу жолдары, мол өнім алудың қыр-сыры туралы кеңінен әңгіме жүргізілді.
«Аудандағы жүзім шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе құба-құп болар еді. Қажетті агрохимикаттардың бағасы жоғары болса жүзім зиянкестерімен күресті де дер кезінде жүргізіп, мол өнімге қол жеткізетін боламыз» дейді шаруалар.