Жетісай қаласындағы Абай гүлзарында – қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, орыс және еуропа мәдениетімен үндесу арқылы ұлттық руханиятқа тың серпін берген ұлтымыздың бетке ұстар реформаторы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған рухани-мәдени іс-шара болып өтті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абайдың 180 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – ұлы ойшылдың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жастарды Абайдың идеяларымен тәрбиелеу, ақын шығармашылығын халық арасында дәріптеу болды.
Салтанатты мәдени іс-шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан арнайы келген журналистер делегациясы қатысты. Олар мерейтой аясында Президент тапсырмасы негізінде құрылып жатқан Абай институтының жұмысына қолдау көрсету және ақын мұрасын кеңінен насихаттауға үлес қосуды мақсат етті.
Осы іс-шара аясында өңіріміздің зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Аудан әкімі С.Мамытов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Махамбетов және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Дулат Әбіш сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен құттықтады.
Салтанатты кеште Жетісай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Абайдың әндері мен күйлерін орындап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Сонымен қатар, Жетісай орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандары ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жиналған жұртшылыққа әсерлі өнер тарту етті.