ҚоғамРуханият

ҮТІРТӨБЕЛІКТЕР «НАУРЫЗ ТАЛ» ДӘСТҮРІН ДӘРІПТЕДІ

Қаралым: 22
        Соңғы жылдары еліміз бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келуінің салдарынан кейбір мәселелерде әлі де болса сақтық шараларын сақтауды қажет етеді. Еліміз аман, халқымыздың бірлігі бекем болса, бұл қиындықтарды да еңсеріп, жаңару мен жаңғырудың бастауы болған көктем мерекесін әлі талай дүркіретіп тойлаймыз. Десек те, ұлттық мейрамымыздың ең игі дәстүрлері жер-жерлерде жалғасын тауып келеді.
         «Бір тал кессең – он тал ек» деген қағидаға сүйенген ата-бабаларымыз Наурыз мерекесін, ең алдымен, бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызудан бастаған. ХХІ ғасыр жағдайында бұл дәстүрді сақтау мен жалғастырудың айрықша маңыздылығын ұғындыруды мақсат еткен Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінің тұрғындары «Наурыз тал» дәстүрін өткізді.
         Тұрғындар округ әкімі Султан Касымовпен бірге Шардара су қоймасының жанынан КХ-117 обылыстық маңызы бар тас жолының аумағын абаттандыру, экологиясын жақсартуды қолға алып, өз есептерінен 20 түп жеміс ағаштары мен 400 түп түрлі ағаш көшеттерін отырғызды.
           «Туған жерге, өз ауылымызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Ал, Наурызда осы парызды өтеуге мүмкіндік мол. Әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса, төңірегіміз көкке оранып, тыныстайтын аумыз тазарады, перзенттеріміз саялайтын ағаштар өседі» дейді ауыл ақсақалдары.
         «Қазақтың Наурызы – тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып елге пайдалы игі іс жасайтын, халық болып бірігіп ұйымдастыратын мейрам ету керек» деген жазған Мағжан Жұмабаевтың сөзін іске асырып отырған үтіртөбеліктер алдағы уақытта ауыл аймағын жасыл желекке айналдыруға, тұрғындарға жайлы демалыс орнын жасауға ниетті.
            Наурызда жаңа күн жақсылықтан тамырын тартып жатса деген тілек-баталарын арнап, рухани жаңаруды серт ұстанған ауыл тұрғындарының үлгісі өзгелерге де жұғысты болғай.
Бауыржан НАЙМАНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *