Өмірде күтпеген кездейсоқ жағдайлар болып жатады. Жақында Мырзакент кенті жанынан бой көтерген жаңа ықшамаудан маңында канал бойында ойнап жүрген 5 жастағы Ерқанат Берікұлы бұл көпірден өтер кезінде байқаусызда суға түсіп кетеді.
Қыстың ызғарлы аязды күнінде мұздай суға ағып барып жатқан сәбиді көрген 1-Жоба №17 үйдің тұрғыны Гүлмира Пірмаханова жанұшыра жүгіріп айқайлап, кәмелет жасындағы ұлы Данияр Балкенді көмекке шақырды. Балкен баланы құтқару үшін суға күмп береді. Суға батып, шығып бара жатқан Ерқанатқа жетіп алып, жағаға қарай алып шығады. Көп су жұтып қойған бүлдіршінге анасы екеуі алғашқы көмек беріп, аяқ-қолын уқалап есін жиғызады. Тез арада 4-Жоба №62 үйде тұратын ата-анасына хабар береді. Көп өтпей Ерқанатты Мырзакент орталық ауруханасына жеткізеді. Қазір Ерқанаттың жағдайы жақсы, отбасына аман-есен оралды.
– Ерлікті тек соғыс кезінде жасайды деп ойлаймыз. Бірақ, бейбіт күнде де ерлік жасап жүрген азаматтар аз емес. Мектебіміздің 9 «Ә» сыныбында оқитын Данияр Балкен шұғыл шешім қабылдап, тастай суық суға түсіп сәбиді құтқарып, аман алып қалды. Бұл үлкен ерлік, азаматтық деп білеміз.
Осындай ержүрек, батыр ұл тәрбиелеген анасы Гүлмира Пірмахановаға қалай риза болмайсың. Сынып жетекшісі Кабира Нұрова Балкенді тәрбиелі, үлгілі оқушымыз деп мақтан етеді. Біздер мектеп ұжымы да осындай патриот, батыл жүректі шәкіртімізбен мақтанамыз,-деді Қосжан Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Усербай Қыдырбаев.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»деген мақаласында «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады»,-деді. Біздің шәкірттеріміздің де осындай патриоттық сезіммен рухтанғанына қуаныштымыз.
Бақытжан НЫСАНБАЕВ,
Ғ.Мүсірепов атындағы ЖОМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Мақтаарал ауданы.