Ауданымыздың бас имамы Мансұр Айтмұхамметов, аудан әкімі Бақыт Асановтың қабылдауында болды.
Кездесу барысында ораза айында карантин талаптарын сақтау мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, аудан әкімі бас имамға жаназа, ауыз ашар жиындарына халықты көп шоғырландырмау мәселесіне үлкен мән беру керектігін айтты. Ол үшін аудан аумағындағы барлық мешіттерде орналасқан дауыс күшейткіш құралдары арқылы тұрғындарға жиі үгіт-насихат шараларын жүргізу керектігін ұсынды.
Өз кезегінде бас имам әкімнің бұл пікір-ұсыныстары орынды екенін айтып, мешіт имамдары тарапынан карантин талаптарын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап берді. Оның ішінде вакцина ектіру тұтқан оразаны ешқашан бұзбайтыны, керісінше әлемге дендеген індетті барлық отандастарымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаппай вакцина егу арқылы төтеп бере алатынын жергілікті тұрғындар арасында түсіндіруде екен. Ол үшін бас имам вакцина ектіруді өзінен бастапты.
Кездесу соңында тараптар аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен аудан имамдарын біріктіріп, ауыз ашардың орнына аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік таратуға келісті.