«ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ»: СЕМЕЙДЕ МҮГЕДЕК ШЕБЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Автор: ҚалмұратҚаралым: 165
Қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр ғана емес, қоғамдағы адамгершілік пен бірліктің айқын нышаны. Осындай өнегелі іс Абай облысында жүзеге асты.
«Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік өңірлік филиал өкілдері Семей қаласында тұратын белгілі қолөнер шебері, темір ұстасы Асылбай Абылай Қалқаұлына арнайы барып, қысқы маусымға қажетті ағаш-отын дайындап берді. Тағдыр тауқыметін өткеріп жатқан I топтағы мүгедек шебер үшін бұл – үлкен көмек әрі көңіл демеу.
Тағдыр жолында теміршілік пен ағаш өңдеу ісін меңгерген Асылбай Абылай Қалқаұлы бүгінде Семей өңіріне белгілі ұсталардың бірегейі. Оның қолынан шыққан темір бұйымдар мен тұрмыстық заттар талай шаңырақтың сәнін келтіргенін ел-жұрт естіп, көріп жүр. Алайда, денсаулығына байланысты бүгінде ол ауыр жұмыс істей алмайды. Қысқы отын әзірлеу де оңай шаруа еместігін айтпақпыз.
Партия өкілдері бұл жолғы іс-шараны «Үлкенге – құрмет» акциясы аясында ұйымдастырды. Олар, қолөнерші шебердің үйіне арнайы барып, бірнеше сағат бойы ағаш кесіп, бұтап, қыстық отынын дайындады. Бұл – тек физикалық көмек қана емес, моральдық тұрғыда да үлкен қолдау деуге болады.
«Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиал өкілінің айтуынша, мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады: «Біз үшін ең бастысы – халықпен бірге болу, олардың мұң-мұқтажына бейжай қарамау. Ұлттық дәстүріміздегі үлкенді сыйлау, қамқорлық көрсету – партиямыздың ұстанымы. Қолөнерші Абылай ағамыз – тек шеберлігімен емес, өмірге деген қайтпас қайрат-қайсарлығымен де жастарға үлгі болатын жан,» – деді ол.
Қазақ қоғамында қайырымдылық пен бір-біріне жәрдемдесу – қашан да жоғары бағаланған. Бұл жолғы көмек те сол асыл дәстүрдің бүгінде де өз жалғасын тауып отырғанының дәлелі.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиал баспасөз қызметі.